«Ұлттық тәрбие – ұрпақ сабақтастығында»
ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕГІ ӘСЕРЛІ КЕЗДЕСУ
2024 жылғы 14 қаңтарда Астана қаласында орналасқан «Айбын» Президенттік полкінің 0112 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің (ҚР МКҚ) ардагерлері былтырғы жылдың күзінде әскер қатарына шақырылған сарбаздар мен «Жас қалқан» әскери-патриоттық клубының жас өрендерімен кездесу өткізді.
Қызметтің кадрлар департаменті мен Ардагерлер одағының бірлесе отырып, жаңа форматта ұйымдастырған танымдық кездесуге осы жолдардың авторы және запастағы полковник Көбенов Төлеубек Айтұлы, сондай-ақ ҚР МКҚ қызметкерлері, атақты спортшылар, қоян-қолтық ұрыс пен ММА хас шеберлері Абзалиев Олжас пен Қойшыбек Данияр арнайы шақырылды.
Кезесудің басты мақсаты – Президенттік полк қатарына қабылданған сарбаздар мен «Жас қалқан» тәрбиеленушілерінің бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, жауапкершілік пен тәртіпті тәрбиелеу және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету болатын.
Әңгімелесу барысында қос ардагер қысқаша өмір жолына шолу жасай келіп, жеткен жетістіктері мен қызмет атқарған кездеріндегі басынан кешкен қызықты оқиғаларымен бөлісті. Сонымен бірге, олар жастардың Отан алдындағы борышы мен сарбаздардың атқарар міндеттеріне тоқталып, Мемлекеттік күзет қызметіндегі үлкен жауапкершілік пен артықшылықтары жөнінде айтып берді. Одан соң сөздің кезегі даңқты спортшыларымызға беріліп, олар да алған асулары мен қол жеткізген табыстары туралы қызықты мәліметтерді тыңдаушыларына баяндап берді.
Әсерлі өткен жүздесу кезінде сарбаздар мен жас тәрбиеленушілер ардагерлер тарапынан баяндалған оқиғаларды ұйып тыңдап, өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Өз кезегінде, біздер, яғни Ардагерлер одағының мүшелері әскери бөлімнің жеке құрамымен және жас тәрбиеленушілермен кездесу ұйымдастырғандары үшін Қызмет басшылығына алғысымызды білдіреміз. Кейінгі ұрпақпен жиі кездесуге, оларға үлгі мен өнеге көрсетуге, отансүйгіштікке баулуға үнемі дайынбыз деп нық сеніммен айта аламыз.
Аса жоғары деңгейдегі ұйымшылдықпен өткен кездесуден кейін шақырылған қонақтарға сыйлықтар табысталып, естелік ретінде фотосуретке түстік. Соңынан әскери бөлімнің сарбазы аға ұрпақ өкілдеріне жылы лебізін жеткізіп, танымал патриоттық әнді нақышына келтіріп орындап берді.