2023 жылғы 26 желотқсанда Ақмола облысы жыл сайынғы «Үздік педагог» республикалық конкурсы облыстық кезеңінің қорытындысы шығарылып, білім жүйесінің 2023 жылғы үздік педагогі анықталды. Кәсіби конкурстар озық педагогтерді көтермелеуге ғана емес, сонымен қатар педагогикалық қызметкерлердің мәртебесі мен еңбек беделін арттыруға да ықпал етеді. ҚР БҒМ-нің 2020 жылғы 23 сәуірдегі № 157 бұйрығына сәйкес конкурсқа қатысушылардың материалдарын қарады. Конкурсқа қатысушылардың портфолиосы мен мазмұнына жоғары талаптар қойылды. Конкурсқа қатысушылар білім беру қызметіндегі жеке кәсіби жетістіктерін, соңғы 5 жылдағы білім беру жүйесінің дамуына үлесін, оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің нәтижелерін, сонымен қатар, конкурс ережесіне сәйкес, қатысушылар бейнероликтер мен эсселерін де ұсынды. Конкурс ережесіне сәйкес комиссия 10 балдық шкала бойынша конкурсқа қатысушылардың қызметіне баға берді, сонымен қатар, педагогтің кәсіби құзыреттілігінің көрсеткіштері, конкурсқа қатысушы қызметінің нәтижелілігі, конкурсқа қатысушының кәсіби шеберлігі, эстетикалығы, портфолионың құрылымы мен толықтығы, байқаудың техникалық шарттарына бейнероликтің сәйкестігі, регламентті сақтау, сондай-ақ, роликті дайындау кезінде арнайы бағдарламаларды пайдалану назарға алынды. Облыстық комиссияның шешімімен конкурстың ІІ кезеңінде Қосшы қаласы, «ІТ мектеп -лицейі» КММ орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі жеңімпаз атанып, республикалық деңгейде үздік педагог атағына күресу құқығына ие болды. Дүйсенова Асия Перменкуловна осы кезеңдерден сүрінбей өтіп, облыстың «Үздік педагог-2023» атағын жеңіп алды. Дүйсенова Асия Перменкуловнаны жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз, шығармашылық табыс тілейміз! Қала абыройы, мектеп абыройы осындай білікті мамандармен толығып, мерейіміз үстем бола берсін!